Опубликовано

Академияда көктем мерекесіне арналған салтанатты шара өтті

2019 жылдың 7 наурызында Қазақстан Республикасы ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясында «8 Наурыз - халықаралық әйелдер күніне» арналған салтанатты шара өтті.

Шараға академия басшылығы мен жеке құрамы, курсанттар және ардагерлер қатысты.  

Шара барысында ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясы  бастығының орынбасары полиция полковнигі Кененбаев Серік Мәлікұлы академия қыз-келіншектері мен ардагер аналарды көктем мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Сіздерді күлімдеген көктеммен бірге келген 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі таңда қоғамның түрлі саласында қажырлы еңбек етіп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің шыңына көтерілген, мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне парасаты мен пайымын аямаған  әйел адамдар аз емес. Ұрпақ тәрбиелеуде ғана емес, билік пен бизнесте, саясат пен экономикада, құқық қорғау мен қорғаныс саласында ер азаматтармен қатар жүріп, қиындыққа мойымай жүрген қыз-келіншектер – бүгін ел мақтанышы. Құрметті арулар, қадірлі әріптестер, көктем мерекесі көңілдеріңізге шаттық, өмірлеріңізге қуаныш сыйласын. Отбасыларыңызға береке, қызметтеріңізге табыс тілеймін, мерекелеріңіз құтты болсын» - деді полиция полковнигі С.М.Кененбаев.

Құттықтау сөзден кейін халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік баяндаманы оқу үшін жедел іздестіру қызметі кафедрасының бастығы полиция полковнигі С.Сембиев сахна төріне шықты.

Полиция полковнигі С.Сембиев өз баяндамасында халықаралық әйелдер мерекесінің шығу тарихы мен маңыздылығына шолу жасап, көпшіліктің назарына мереке туралы тың деректерді ұсынды.

Келесі сөз кезегі ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полиция полковнигі Тұрысбеков Абдулла Сағынбекұлына берілді. Отставкадағы полиция полковнигі А.Сағынбекұлы академияның ардагер әйелдері мен аруларын көктем мерекесімен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министірі және академия бастығының мерекелік бұйрықтарын жеке құрамға жеткізу үшін  келесі сөз кезегін кадр жұмысы бөлімінің бастығы полиция майоры Қ.Сарыбаев алды. Мерекелік бұйрыққа сәйкес академияда қызмет атқарып жүрген бірқатар әйел азаматшалар мен курсант қыздар тиісті төс белгі және грамоталармен марапатталды. 

 Шуақты көктем мерекесіне арналған салтанатты жиын соңы академия қызметкерлері мен курсанттардың ұйымдастыруымен қойылған мерекелік концертке ұласты. Концертте аяулы арулар мен ардақты аналардың құрметіне арналған әсем әндер шырқалып, қызықты сахналық қойылымдар көрсетілді.