Опубликовано

Академияда тәлімгерлер слеті өткізілді

Ағымдағы жылдың 9 сәуірінде Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында жас қызметкерлер мен оларға тағайындалған тәлімгерлердің слеті өткізілді. Салтанатты шараға академия басшылығы, жеке құрам және ардагерлер қатысты. 

 Шара барысында жас қызметкерлер мен оларға тағайындалған тәлімгерлер және академия ардагерлері бірлесіп, Алматы қаласында орналасқан «28-ші гвардиялық-панфиловшылар саябағына» барды. Саябақта шараға қатысушылар Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған батыр бабалардың рухына тағзым етіп, «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды.          

         Бұдан кейін академия алаңына келіп, сап түзеген жас қызметкерлер басшылық пен жеке құрам алдында Отан алдындағы ант қабылдау рәсімін өткізді. Ант қабылдау рәсімінен кейін академия клубына тәлімгерлер слеті одан ары жалғасын тапты.

ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары полиция полковнигі С.М.Кененбаев алғашқы болып сөз алып, жас қызметкерлер және оларға тағайындалған тәлімгерлер слетін «Ашық» деп жариялады.

         Полиция полковнигі С.М.Кененбаев өз сөзінде ішкі істер саласындағы тәлімгерлік дәстүрдің шығу тарихына тоқталып,  жас мамандарды  Отан алдындағы міндеттеріне адал болуға шақырды және өздеріне тағайындалған тәлімгерлерді сыйлап, олардың айтқан ақыл-кеңестерінен үлгі, өнеге алуды тапсырды.

Келесі сөз кезегін алған академия ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары отставкадағы полиция полковнигі Жексенбай Парасат Тұрдақынұлы жас қызметкерлерге тәлімгерлік дәстүрдің ішкі істер саласындағы маңызы мен мәнін айтты.

Бұдан кейінгі сөз кезегі кезекші бөлім бастығының міндетін атқарушы, тәлімгер, полиция майоры Т.Тұрысбековке берілді, ол өз сөзінде жас мамандарды қызметтерімен құттықтап, оларға білікті маман болуды, ол  үшін көп еңбек етіп, білім жинап, қажырлы болу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар жас қызметкерлер атынан сөз алған практикалық тілдер кафедрасының оқытушысы полиция лейтенанты Б.Толықбаева болашақ тәртіп сақшыларын дайындайтын оқу орнында қызмет атқаратынын мақтан тұтатынын айтып, өздеріне тағайындалған тәлімгерлерден үйренерлері әлі де көп екенін жеткізді.

Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұлысты, сонымен қатар  салтанатты шараға қатысушылар мен қонақтарға Қазақстан Республикасы ІІМ мен Қазақ СРО-ы ІІМ-нің еңбегі сіңген қызметкері милиция генерал-майоры Есболатов Мақан Есболатұлының өмірі мен қызметі туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді.