Опубликовано

Өшпес ерлік пен батырлықты мәңгі дәріптейтін мереке

Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр -  Жеңіс күніне арналған   салтанатты жиын өтті.  

Салтанатты жиынға ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының басшылығы, ішкі істер органдары мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, академия жеке құрамы мен курсанттар және тағы да басқа қонақтар қатысты.  

Қос мерекені атап өтуге арналған шараны ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары полиция полковнигі Кененбаев Серік Мәлікұлы өзінің құттықтау сөзімен ашты. Полиция полковнигі өз сөзінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнінің тарихына қысқаша тоқталып, бүгінгі бейбіт өмірдің ата-бабаларымыздың жан аямай арпалысқан ерліктерінің арқасында ғана орнағанын  естен шығармауды атап өтті.  

Келесі сөз кезегі академия ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полиция полковнигі А.С.Тұрысбековке берілді. Абдулла Сағынбекұлы академия басшылығының қос мерекені жоғары деңгейде атап өтуді ұйымдастыра білгеніне ардагерлер атынан алғысын білдіріп, салтанантты шараға келген қызметкерлер мен қонақтарды мерекемен құттықтады. 

Құттықтау сөздерден кейін сахна төріне шыққан кадр жұмысы бөлімінің бастығы полиция майоры Қ.Е.Сарыбаев мереке қарсаңына орай Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.З.Тұрғұмбаевтың және академия бастығы полиция полковнигі Ө.Х.Смайыловтың бұйрықтарымен марапатталған қызметкерлердің есімдерін жариялады.

Жиын соңында қадірлі қонақтарға Академия курсанттарының ұйымдастыруымен мереке күндеріне арналған концерттік бағдарлама қойылды. Өз кезегінде клуб сахнасына шығып «Вставай страна», «Алия», «Катюша», «Журавли», «День победы» атты әйгілі майдан әндерін шырқап, соғыс көріністерінен қойылым қойған курсанттар көрермендердің қошеметіне бөленді.