Опубликовано

Академия басшылығы АБ «НАРХОЗ университетінің» студенттерімен кездесті

Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасарлары полиция полковнигі С.М.Кененбаев, полиция полковнигі Ж.Р.Дильбарханова және кадр жұмысы бөлімінің бастығы полиция майоры Қ.Е.Сарыбаев Алматы қаласындағы АБ «НАРХОЗ университетінің» студенттерімен кездесті.

Кездесу Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ведомстволық оқу орындары мен Жоғары оқу орындары арасындағы өз ара ынтымақтастық Меморандумы шеңберінде өткізілді.  

 АБ «НАРХОЗ университетінің» Әскери кафедра меңгерушісі запастағы подполковник О.Б.Айтқазин студенттерге аталған кездесудің маңыздылығын айтып өтіп, алғашқы сөзді  Академия бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Ж.Р.Дильбархановаға берді.  Полиция полковнигі Ж.Р.Дильбарханова өз сөзінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсанда бекіткен Қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы туралы әңгімелеп, оның ішінде ішкі істер органдарын кең ауқымды реформалаудың басты бағыттарының бірі - ведомостволық білім беруді жаңғыртудың мақсаты мен міндеттерін айтып, түсіндірді. Сонымен қатар жаңа форматқа бағытталған оқу бағдарламаларындағы негізгі өзгерістерді атап көрсетіп, ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының білім беру жүйесі мен кадр даярлаудағы өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.     

 Академия бастығының кадр және тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары полиция полковнигі С.М.Кененбаев Қазақстан Республикасы ІІМ ведомстволық білім беру мекемелері қазіргі уақытта жоғары оқу орнын бітірген заңгерлерді үш және алты айлық бастапқы арнайы оқыту курстарынан өткізіп, одан ары ішкі істер органдарына жұмысқа тұрғызуды бастағанын жеткізді. Сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудағы оң өзгерістер, бірқатар құрылымдар бойынша жалақы мөлшерінің жоғарылауы, пәтер жалдап тұратын қызметкерлерді арнайы жәрдемақымен қамтамасыз ету тағы да басқа қызметтік және әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланды.

Кездесуге қатысушыларды ішкі істер органдарына қызметке тұру мен полиция қызметкерлерінің бүгінгі таңдағы әлеуметтік жағдайлары қызықтыра түсті. Сонымен бірге үш және алты айлық бастапқы арнайы оқыту курсына оқуға түсудің ережелері мен құжаттарды дайындаудың тәртібі сұрастырылды. Студенттер тарпынан қойылған осы және басқа да сұрақтарға Академия бастығының орынбасарлары мен кадр жұмысы бөлімінің бастығы жан-жақты,  нақты мысалдармен жауап беріп, кәсіби бағыт беру мақсатында дайындалған парақшаларды таратты. Кездесу соңында қатысушыларға Академия қызметі жайында түсірілген бейне роликтер көрсетіліп, тараптар естелік суреттерге түсті.