Опубликовано

Университет студенттерімен кездесу кәсіби бағыт беруге арналды

Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары  полиция полковнигі  Е.М.Бимолданов,  кадр жұмысы бөлімінің бастығы полиция майоры Қ.Е.Сарыбаев және Алматы қ. ПД Кадр саясаты басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Р.Қ.Боранбаев Алматы қаласындағы Қайнар университетінің студенттеріне диплом беру салтанатты рәсіміне қатысты.

 Салтанантты шарада алғашқы болып сөз алған Қайнар университетінің ректоры, академик Е.С.Омаров студенттерді диплом алу рәсімімен құттықтап, қолға диплом тигенімен мамандығына сай жұмыс табудың маңыздылығына тоқталды. Дипломы бар көптеген жас мамандардың жұмыссыз қалуы әлі күнге дейін өзекті мәселе болып отырғандығын айтты. Сонымен қатар осы мәселелерді шешуде ІІМ қарасты ведомстволық білім беру ұйымдарының кадр дайындауда  оң өзгерістерді қолға алғанын атап өтіп, келесі сөз кезегін Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары полиция полковнигі  Е.М.Бимолдановқа берді.

Полиция полковнигі Е.М.Бимолданов университет түлектерін диплом алу рәсімімен құттықтап, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсанда бекіткен Қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы туралы, оның ішінде ішкі істер органдарын кең ауқымды реформалаудың басты бағыттарының бірі - ведомостволық білім беруді жаңғыртудың мақсаты мен міндеттерін айтып өтті. Сонымен қатар   Қазақстан Республикасы ІІМ ведомстволық білім беру мекемелері қазіргі уақытта жоғары оқу орнын бітірген заңгерлерді үш және алты айлық бастапқы арнайы оқыту курстарынан өткізіп, одан ары ішкі істер органдарына жұмысқа тұрғызумен қамтамасыз етуді бастағанын жеткізіп, бітіруші түлектерді ішкі істер саласына қызметке тұруға шақырды. Келесі сөз кезегін алған Алматы қ. ПД Кадр саясаты басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Р.Қ.Боранбаев ішкі істер органдарына қызметке тұрудың тәртібі мен ережелеріне тоқталып, полиция қызметкерлерінің бүгінгі таңдағы әлеуметтік жағдайы мен оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы айтып өтті. 

Шара барысында студенттер тарпынан қойылған  сұрақтарға Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі  Е.М.Бимолданов пен кадр жұмысы бөлімінің бастығы полиция майоры Қ.Е.Сарыбаев жан-жақты,    жауап беріп, кәсіби бағыт беру мақсатында дайындалған парақшаларды таратты.